STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады.
Кездесу барысында Президентке компанияның өткен жылғы қызметінің қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары таныстырылды.
Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, тарифтік жүк айналымы 10 пайызға өсіп, 289 миллиард тонна-шақырымды құраған. Тасымал көлемі 5,5 пайызға артып, 320 миллион тоннаға жеткен. Экспорттық тасымал 89 миллион тоннадан асса, жүк транзиті 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тоннаны құраған.
Сондай-ақ былтыр пайдалануға берілген Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі арқылы 6 миллион тонна, яғни 100 мың вагоннан астам жүк тасымалданғаны атап өтілді.
Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісі бойынша техникалық қозғалысқа рұқсат берілген. Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды қамтиды.
Компания қызметінде қауіпсіздік, тиімділік пен ашықтықты арттыру мақсатында жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар тәлімгерлік институты енгізіліп, жастардың кадрлық резерві қалыптастырылған.
Президент әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын қолдады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын трансформациялауды жалғастыруды, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты күшейтуді, цифрлық шешімдерді енгізуді және мультимодальды логистиканы дамыту үшін инфрақұрылымды кеңейтуді тапсырды.

