Жолсапар очеркі
STEPPENEWSKZ: Қырғызстанның аспанмен таласқан Тянь-Шань мен Памир тауларында әлемдегі ең айбынды жануарлардың бірі – Марко Поло арқары мекендейді. Теңіз деңгейінен 4000 метрден астам биіктікте тіршілік ететін бұл аңды таулықтар «биіктіктің еркін рухы» деп атайды.
Арқарды түсіру үшін Алматыдан арнайы шықтық. Неге дәл осы жануарға баруды шештік, ондағы мақсат қандай?
Бұл сауалдың негізгі жауабы мынада. Қазіргі таңда дала серкесі «Марко Поло» арқары ерекше қорғауды талап етеді. Тіпті жойылу қауіпі бар. Халықаралық Қызыл кітапқа енген. Олардың санының азаюына браконьерлік пен жайылымдардың тарылуы себеп болуда. Қырғызстанда бұл бірегей жануарды сақтап қалу үшін арнайы қорықтар жұмыс істейді. Сол себепті таспаға түсіріп алуды шештік.
Біздің жол таңғы сағат бесте, Алматының тымық ауасынан басталып, Кегеннің қатал да сұлу тауларына қарай ұласты. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасына келдік. Мақсатымыз – жай ғана саяхат емес, әлемдегі ең ірі, ең айбынды – Марко Поло арқарын өз көзімізбен көру. Қала артта қалып, жол біртіндеп биіктей берді. Теңіз деңгейінен 3000 метрден асқанда ауаның қысымы сезіле бастады. Бұл – нағыз ержүректер мен төзімділердің мекені. Сапарлас серігіміздің айтуынша, арқарлар адам аяғы баспайтын, көз жетпес қияларда жайылады. Тыныштықта мекендейді.
«Арқар – өте сақ жануар. Ол сені сен оны көрмей тұрып сезеді», – дейді бізді бастап кележатқан қорықшы дүрбісін оңтайлап.

4000 метр: Арқарлар мекені

Біз атпен жүріп, ең биік нүктелердің біріне жеттік. Айнала – аппақ қар мен сұрғылт жартастар. Кенет, Қорықшы тоқтауға белгі берді. 4000 метр биіктіктегі беткейде бір топ арқар жайылып жүр екен.

Дүрбімен қарағандағы көрініс таңдай қақтырады. Топтың басында мүйізі иіліп, екі иығына түскен алып құлжа тұр. Оның мүйізі күн сәулесіне шағылысып, нағыз патшаның тәжісіндей жарқырайды. Бұл – Марко Поло арқары. Оның асқақтығы мен сымбаты таудың қатал табиғатына ерекше көрік беріп тұр.
Табиғатпен бетпе-бет байланыс
Олар біздің бар екенімізді сезсе де, үркіп қашпады. Тек анда-санда басын көтеріп, айналаға сақтана қарайды. Осы сәтте Марко Полоның неге «Памир патшасы» атанғанын түсінгендей болдық. Ол – еркіндіктің нышаны.

Біз бұл сұлулықты бұзғымыз келмей, алыстан ғана бақылап тұрдық. Мұндай биіктікте уақыт тоқтап қалғандай көрінеді екен. Таудың суық желі бетті қарыса да, жүректе табиғаттың тылсымына деген жылылық орнады.
Түйін
Қайтар жолда ойға баттық. Қырғызстанның бұл байлығын көру – үлкен бақыт, ал оны сақтау – үлкен міндет. Таудың еркесі болған Марко Поло арқары біздің бабаларымыздан қалған асыл мұра іспетті. Егер сіз де нағыз адреналин мен табиғаттың тазалығын сезінгіңіз келсе, Памир мен Тянь-Шаньның биік белестерін көріп қайтыңыз.

