STEPPENEWS.KZ: ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Alatau Rise жобасы аясында Корея Республикасында өткен кездесулердің нәтижелері бойынша KAIST Kazakhstan жобасын іске асыруға арналған жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте жобаның қазіргі жай-күйі, корей тарапымен жүргізілген келіссөздердің қорытындылары және алдағы негізгі кезеңдер талқыланды.
Жиында KAIST Kazakhstan жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу барысы, білім беру процесін кезең-кезеңімен іске қосу және студенттер контингентін қалыптастыру мәселелері қаралды. Қазіргі таңда ТЭН әзірлеу жұмыстары қорытынды сатыда тұр. Құжатта академиялық бағдарламалар, ғылыми-зерттеу бағыттары және кампустың негізгі инфрақұрылымдық шешімдері айқындалған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жобаны үйлестіруді жалғастырып, оның ұлттық жоғары білім және ғылым жүйесіне тиімді интеграциялануын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 22 желтоқсанда Корея Республикасында KAIST басшылығымен өткен ресми кездесуде Қазақстанда университет филиалын ашу бойынша негізгі келісімдер бекітілді. Кездесу барысында Алатау қаласын дамыту жоспарлары мен KAIST кампусын жаңа қала аумағында орналастырудың стратегиялық маңыздылығы атап өтілді.
KAIST басшылығы атқарылған жұмыстарды оң бағалап, жобаны келесі кезеңге – академиялық қызметті іске қосу және негізгі кампусты жобалау сатысына көшіру жөнінде шешім қабылдады.

