STEPPENEWS.KZ: Мәжіліс депутаты Унзила Шапак Қазақстанда балалардың Roblox ойын платформасына қолжетімділігін шектеуді ұсынды.
Оның айтуынша, балалар бұл ойынға шамадан тыс әуестеніп, агрессивті мінез көрсете бастайды және виртуалды ортаға тәуелді болып барады. Сонымен қатар платформадағы контент көп жағдайда жас ерекшеліктеріне сай келмей, баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ депутат мұндай онлайн платформаларда алаяқтар мен қылмыстық ниеті бар адамдардың болуы ықтимал екенін атап өтті. Олар ойын ішіндегі чаттар арқылы балалардың сеніміне кіріп, кейін әңгімелерін өзге платформаларға көшіріп, жасырын кездесулер ұсынуы мүмкін.
Унзила Шапактың айтуынша, миллиондаған қолданушысы бар платформаны толық бақылау мүмкін емес. Ол бірқатар елдерде Roblox-қа қатысты шектеулер енгізілгенін де еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда Roblox-ты бұғаттау немесе шектеу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ екенін мәлімдеген болатын.

