STEPPENEWS.KZ: Әлеуметтік желіде өзін психолог ретінде таныстырған Бақытбай Сабырбек есімді маманның видеосы қызу талқыға түсіп, қоғамда наразылық тудырды. Видеода психолог ерекше баланы тәрбиелеп отырған ананың жеке басына қатысты орынсыз пікір білдіріп, оны көпшілік алдында кемсіткен.
Бейнежазбада психолог ерекше баланың анасынан жасын сұрап, әйелдің «37 жастамын» деген жауабына күмәнмен қарап, сырт келбетіне байланысты салыстыру жасайды. Ол анаға: «Жасыңыз 48-де сияқты, өзіңізге қарау деген нәрсе қайда?» – деп, басқа адамдармен салыстыра отырып, көпшіліктің көзінше ыңғайсыз жағдайға қалдырған.
Аталған видеода психолог кәсіби шеңберден асып, адамның сырт келбеті арқылы оның өмірлік жағдайына баға бергені байқалады. Бұған қоса, видео сипаттамасында ерекше баланың дүниеге келуін ананың «еркектерді менсінбеуімен» байланыстырып, ауыр әрі дәлелсіз қорытынды жасаған жазба қалдырылған.
Бұл пікір қоғамда үлкен сынға ұшырады. Көпшілік қолданушылар мұндай тұжырымдардың ғылыми да, этикалық та негізі жоқ екенін айтып, психологтың әрекетін кәсіби әдепке қайшы деп бағалады. Әсіресе, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ананың жағдайын түсінудің орнына, оны айыптау – қоғамда стигма мен дискриминацияны күшейтеді деген пікірлер айтылуда.
Кейіннен психолог сол анадан кешірім сұрап, 2 адамға Умраға жолдама сыйлаған видеосын желіге жариялады.
Аталған жағдайға журналист, ерекше баланың анасы Гүлбану Әниятқызы да өз пікірін білдірді.


