STEPPENEWS.KZ: Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай Алматы қаласында «Еңлік – Кебек» спектаклінің мерейтойлық көрсетілімі өтті.
«Еңлік – Кебек» қойылымы қазақ кәсіби театры тарихында айрықша орын алады. Аталған спектакль 1926 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында қойылған ең алғашқы қойылымдардың бірі. Бұл туынды ұлттық театр өнерінің қалыптасуына әсер етіп, қазақ драматургиясының даму жолын айқындады.

Қойылымда махаббат пен адалдық, адамгершілік пен тағдыр тақырыптары көркем түрде ашылады. Спектакль көрерменге ізгі құндылықтарды насихаттап, ұлттық рух пен мәдени сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Бүгінгі күні де «Еңлік – Кебек» өзектілігін жоғалтпай, әр буын көрерменін терең ойға жетелейді.

Мерейтой аясында театр музейі ұйымдастырған «Ұлттық театрдың бастауы – “Еңлік – Кебек” қойылымы» атты арнайы экспозиция көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қазақ театрының алғашқы кезеңінен сыр шертетін фотосуреттер, тарихи құнды жәдігерлер мен театр өнерінің көркемдік мұрасын айқындайтын архивтік материалдар қойылды.

