STEPPENEWS.KZ: Шымкент қаласында 21 жастағы студент Нұрай Серікбайды сталкер бірнеше ай бойы аңдып, кейін 11 жерінен пышақтап өлтірген. Марқұмның жақындарының айтуынша, бойжеткен ұзақ уақыт бойы бір ер адамның тоқтаусыз қудалауына ұшыраған.
14 қаңтар күні қаралы жағдайда туған-туыстары мен ауылдастары Нұрайды соңғы сапарға шығарып салды. Бұл туралы SteppeNews Batyr Jamal дерегіне сілтеме жасап хабарлады.
Үйдің дәл жанындағы қанды қасірет
Қанды қылмыс 11 қаңтар күні болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Нұрай Серікбайға 11 жерден пышақ жарақатын алған. Алған жарақаттары өмірге қауіпті болып, бойжеткен дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған. Қылмыс Нұрай ата-анасымен бірге тұрған көпқабатты үйдің маңында болған.
Нұрай – отбасындағы кенже бала әрі жалғыз қыз. Оны екі ағасы ерекше қамқорлықпен өсірген.
«Біздің қызымызды айуандықпен өлтірді. Бұл – бәріміз үшін орны толмас қайғы», – дейді марқұмның туысы Карим Кенжетаев.
Қудалау уақыты: ұрлаудан адам өлтіруге дейін
Нұрайдың жақындарының айтуынша, бұл оқиға кенеттен болған қылмыс емес, ұзақ уақытқа созылған сталкингтің соңы. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде 28 жастағы күдікті Шерхан Аймаханның қарындасын ұзақ уақыт бойы маза бермей қудалағанын жазды.
Анасының айтуынша, қудалау әсіресе күз айларында, Нұрай оқуына байланысты басқа қалаға кеткен кезде күшейген. Ер адам оны үйінің маңында торуылдап жүрген. Бірде тіпті «әңгімелесеміз» деген желеумен алдап шақырып, күшпен Алматыдан Шымкентке алып кеткен.
Сол кезде туыстары полицияның көмегімен қызды күдіктінің үйінен тауып, аман алып қалған. Алайда құқық қорғау органдарының араласуына қарамастан, ер адам Нұрайды қудалауын тоқтатпаған.
Қашу және ұсталу
Қылмыстан кейін Шерхан Аймахан Hyundai Mufasa маркалы көлікпен бой тасалаған. Шымкент полициясы «Перехват» жоспарын жариялап, бір тәулік ішінде күдіктіні қала сыртында қолға түсірді. Қазіргі уақытта ол қамауда, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
14 қаңтар күні Нұрай өскен ауыл қара жамылды. Онымен қоштасуға жүздеген адам жиналды. Редакция марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Маңызды ескерту
Айта кетейік, 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда қудалау (сталкинг) үшін ресми қылмыстық жауапкершілік енгізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг – жеке тұлғаға қарсы қылмыс болып саналады.
Егер сталкинг бойынша құқық бұзылса 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, қоғамдық жұмыстарға жегіліп, 50 тәулікке дейін қамауға алынады.
Нұрай Серікбайдың қазасы — бұл бапты дер кезінде қолданудың қаншалықты маңызды екенін және оның адам өмірін сақтап қалудағы рөлін тағы бір мәрте көрсетті.

