STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 20 өңірінде халыққа кәсіби психологиялық және әдістемелік қолдау көрсететін Психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық мамандары 48 019 жеке психологиялық кеңес өткізді. Оның ішінде 23 885 кәмелетке толмаған балаға, 14 898 ата-анаға және 9 236 педагогке кеңес берілген.
Бұл көрсеткіштер қоғамның психологиялық саулыққа және дағдарыс жағдайларының алдын алу мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын айқын көрсетеді. Жыл бойы еліміздің барлық өңірінде 40 мыңнан астам профилактикалық және ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды. Олар балалар мен жасөспірімдердің қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және психологиялық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында оқушылар мен олардың ата-аналарына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін 9 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Сонымен қатар, азаматтар күн сайын «111» бірыңай байланыс орталығы арқылы көмек ала алады.

