STEPPENEWS.KZ: Академик Асқар Жұмаділдаев күрделі ғылыми есептерді шешу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің суперкомпьютерінің есептеу қуатын пайдаланып жүр.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы вице-президентінің айтуынша, бұрын қолмен немесе жеке компьютер арқылы бірнеше апта, тіпті айлар бойы есептелетін аса күрделі алгебралық тапсырмалар ҚазҰУ-дың жоғары өнімді суперкомпьютерінің көмегімен қысқа уақыт ішінде шешімін табуда.

«Өз тәжірибемнен айтар болсам, Миттаг-Лефлер институтында қызмет еткен кезімде есептеу бағдарламаларын компьютерге жіберіп, нәтижесін тек келесі күні ғана алатынбыз. Себебі мұндай есептер үлкен есептеу қуатын талап етеді. Қазіргі таңда сегіз процессорлы жеке компьютерімді пайдаланып келдім. Алайда ҚазҰУ суперкомпьютері бұрын апталап орындалатын күрделі есептерді небәрі үш сағаттың ішінде орындап берді. Бұл – орасан зор мүмкіндік», – деді академик Асқар Жұмаділдаев.
Ғалымға ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығының мамандары арнайы есептеулерге арналған серверлерді бөліп, ғылыми жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қазір Асқар Серқұлұлы осы жоғары технологиялық жүйенің көмегімен өзге де күрделі ғылыми есептерді шығару бағытында жұмысын жалғастыруда.
Айта кетейік, ҚазҰУ-дың суперкомпьютері – академиялық мақсатта пайдалануға берілген алғашқы жоғары өнімді есептеу кешені. Мұндай деңгейдегі жүйе Орталық Азия өңірінде әзірге жоқ. Оның өнімділігі 2000 терафлопсты құрайды және әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютердің қатарына енген. Intel және NVIDIA компанияларының процессорлары негізінде құрылған бұл жүйенің қуаты заманауи дербес компьютерлерден шамамен 10 мың есе жоғары. Суперкомпьютер күрделі математикалық модельдер мен көпөлшемді есептеулерді дәл орындауға, ауа райын болжауға, сондай-ақ жасанды интеллект пен деректерді терең талдауға арналған ғылыми және қолданбалы жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

