STEPPENEWS.KZ: DATA HUB аналитикасы бойынша, 2025 жылы Қазақстанда театр билеттерінің бағасы соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгейге дейін қымбаттаған. Желтоқсан айының қорытындысында театрға бару құны бір жылда орта есеппен 43,3%-ға өсті. Бұл өсім жалпы инфляциядан 3,5 есе жоғары.
Бағаның күрт қымбаттауы әсіресе жыл соңында байқалды: 2025 жылдың соңғы үш айында билеттер ай сайын орта есеппен 8,4%-ға өсіп отырған. Ал алғашқы елеулі секіріс маусым айында тіркеліп, бір айда баға 10,1%-ға артқан.
Аналитиктердің пайымынша, театр билеттерінің қымбаттауына эксплуатациялық шығындардың өсуі негізгі себеп болып отыр. Мемлекеттік театрлардың қызметі табыс әкелмейтіндіктен, олардың шығыны бюджет есебінен жабылады. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында театрлар мен концерттік ұйымдарды қолдауға 81,6 млрд теңге бөлінген.
Аймақтар бойынша баға өсімі 15 өңірде тіркелген. Орташа республикалық деңгейден жоғары қымбаттау Астана мен Алматыда, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалған.
Сонымен қатар, Қазақстанда 74 театр жұмыс істейді, оның үштен біріне жуығы Астана мен Алматыда орналасқан. Соңғы жылдары қойылымдар саны мен көрермендер ағыны айтарлықтай өзгермегенімен, билет бағасының күрт өсуі театр мәдениетінің қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін.

