STEPPENEWS.KZ: Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде жеке тұрғын үйден әйел адам мен оның екі баласының мәйіті табылды. КТК телеарнасының хабарлауынша, отбасы көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болған.
Қайғылы жағдайға марқұмның әріптестері алаңдаған. Таңертең әйел жұмысқа келмеген соң, олар үйіне барып, есікті бұзып кірген. Үй ішінен ес-түссіз жатқан адамдарды тапқанымен, ананы және екі баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Үшінші бала ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді.
Оқиға Шұбарсу ауылында болған. Қаза тапқан әйел 38 жаста, балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істеген. Ол үш ұлымен бірге тұрған. Бес және жеті жастағы балалар оқиға орнында көз жұмды. Ал 13 жастағы үлкен ұлы тірі қалып, дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұған дейін үй иесіне өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қайғылы жағдайдан кейін округ аумағындағы жеке үйлерге бақылау мен тексеру күшейтілмек.

