STEPPENEWS.KZ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин мен Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевтың қатысуымен Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді.
Ерлан Қарин 9 қаңтарда өткен Жұмыс тобының отырысында болашақ бірпалаталы Парламенттің мәртебесі, өкілеттігі мен функцияларын айқындауға қатысты базалық тәсілдер әзірленгенін хабарлады. Ал 15 қаңтарға жоспарланған келесі отырыста жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі өкілеттіктері талқыланбақ.
Ержан Жиенбаев конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен қоғам тарапынан түсіп жатқан жаңа ұсыныстармен Мемлекет басшысын таныстырды.
Президент барлық пікір мен бастаманы мұқият ескеру қажеттігін атап өтіп, конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдайтынын айтты.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында өтетін Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы Құрылтайдың өтетін күнін 20 қаңтар деп бекітіп, ұйымдастырушылық және мазмұндық дайындыққа қатысты нақты тапсырмалар берді.

