STEPPENEWS.KZ: 2026 жыл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін құрылымдық өзгерістер жылына айналды. Бұл жаңашылдықтар пациенттерге де, медицина қызметкерлеріне де тікелей әсер етеді.
Qazaq Expert Club-тың денсаулық сақтау саласындағы сарапшысы Гульнафис Жусипалиева медициналық жүйеде не өзгергенін қарапайым тілмен түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қысқарған жоқ. Азаматтар бұрынғыдай жедел медициналық көмекті, учаскелік дәрігер қабылдауын, профилактикалық тексерулер мен скринингтерді, жүкті әйелдер мен балаларды бақылауды тегін ала алады.
Маңызды жаңалықтардың бірі – әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік болған жағдайда жүргізілетін диагностика барлық азаматтар үшін тегін. Бұл онкологиялық аурулар, туберкулез, ВИЧ, вирустық гепатиттер, инсульт пен инфарктқа қатысты тексерулерді қамтиды және ОСМС мәртебесіне тәуелді емес.
Ал жоспарлы түрде тар бейінді мамандарға қаралу, күрделі диагностика мен оңалту қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бекітілген.
2026 жылы медицина қызметкерлерін қолдау да күшейтілді. Жедел жәрдем мен инфекциялық бөлімдерде жалақы 10–15 пайызға артты. Сонымен қатар дәрігерлерді қорғайтын заң қабылданып, медицина қызметкерлеріне қысым көрсеткендерге жауапкершілік күшейтілді.
Цифрлық қызметтер де кеңейтілді. Азаматтар eGov пен мобильді қосымшалар арқылы дәрігерге жазылып, анализ нәтижелерін көріп, медициналық анықтамаларды онлайн ала алады. Бұл жүйе кезектерді азайтып, дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін төмендетті.
Сарапшылар азаматтарға ОСМС мәртебесін алдын ала тексеріп, қажет болса, жүйеге дер кезінде қосылуға кеңес береді.

