STEPPENEWS.KZ: Бүгін, 12 қаңтарда Алматы қаласында Д. А. Қонаев ескерткішіне көрнекті мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толуына арналған салтанатты гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға мемлекет қайраткерінің туыстары, қала тұрғындары, қоғам және зиялы қауым өкілдері қатысты. Рәсім ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғаны еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды. Одан кейін жиналған жұртшылық ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Қонаевтың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіне тағзым етті.

Шара барысында қатысушылар Дінмұхамед Ахметұлының сан қырлы қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, өндіріс пен ауыл шаруашылығын өркендетудегі бастамалары, сондай-ақ білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлгені туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Қонаевтың парасатты басшылығы мен елге адал қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі екені атап өтілді.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар Дінмұхамед Қонаевтың музейіне және өзі тұрған пәтеріне барып, тарихи жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, қаладағы мектептер мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері үшін арнайы танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, жастар Қонаевтың өмір жолы мен мемлекет басқарудағы қызметі туралы тереңірек мағлұмат алды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ел тұлғаларына деген құрметті арттыруға бағытталғаны айтылды.

