STEPPENEWS.KZ: 10 қаңтар күні Алматыда қала әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кітапхана салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан қаладағы 31-ші кітапхана болып, дәстүрлі оқуды цифрлық технологиямен ұштастырған мәдени кеңістікке айналды.

Жаңа кітапхана Алматының мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Мұнда 20 мыңға дейін кітапты қамтитын қор жинақталған, компьютермен жұмыс істеуге арналған IT-аймақ, жеке оқу залдары және шығармашылық кездесулерге арналған кеңістіктер бар. Сондай-ақ көру қабілеті төмен және зағип азаматтар үшін Брайль қарпі мен дыбыстық интерфейстер орнатылған арнайы жұмыс орындары қарастырылған.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов кітапхананың маңызын атап өтті:
«Мұндай жаңа әрі заманауи кітапханалардың ашылуы – ой мен білімді тоғыстырып, ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтеретін маңызды мәдени кеңістік. Бұл бастама оқырман мәдениетінің дамуына зор серпін береді деп сенемін», – деді ол.

Алматы Кітапханалары жүйесіне қарасты жаңа кітапхана Құлболды көшесі, 1/2, 2-корпус мекенжайында орналасқан. Ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін күн сайын сағат 08:30-дан 20:00-ге дейін, демалыссыз жұмыс істейді.

