STEPPENEWS.KZ: Сингапур мен Куала-Лумпур қалаларында Алматының туристік әлеуетін танытатын сыртқы жарнама орналастырылды. Жоба Алматы қаласы Туризм басқармасы мен AirAsia әуе компаниясы арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылып, мегаполисті халықаралық туристер үшін тартымды саяхат бағыты ретінде ілгерілетуге бағытталған.

Жарнамалық конструкциялар адам мен көлік ағыны көп шоғырланған орындарға қойылды. Көрнекі материалдарда асқар таулардың әсем көрінісі, табиғи көрікті аймақтар және Алматының айшықты келбеті бейнеленген. Сонымен қатар, «Almaty» жазуымен бірге қалаға сапарлап, оның бірегей рухы мен ерекше атмосферасын сезінуге үндейтін үндеу ұсынылған.

Аталған жарнамалық науқан Алматыны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы болып табылады. AirAsia X еншілес компаниясы Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе рейстерін орындап, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін туристер үшін қаланың қолжетімділігін арттырып келеді.
Науқан өңірден келетін туристер ағынын ұлғайтып, Алматының заманауи әрі қолжетімді туристік бағыт ретіндегі оң имиджін нығайтуға ықпал етеді.

