STEPPENEWS.KZ: 2026 жылы Қазақстан мен Қытай шығыс (мүшел) күнтізбесі бойынша Жылқы жылын қарсы алады. Шығыс халықтарының дүниетанымында жылқы бейнесі айрықша мәнге ие. Қазақ пен қытай танымында бұл жыл қозғалыс, еркіндік пен батыл шешімдер кезеңі ретінде сипатталады.
Қазақтың дәстүрлі мүшел есебіне сәйкес, Жылқы жылы 2026 жылдың ақпан айының ортасында басталып, 2027 жылдың басына дейін жалғасады. Ал Қытайдың дәстүрлі күнтізбесінде Жылқы жылы қаңтардың соңы мен ақпан айының басында атап өтілетін Қытай жаңа жылы — Чуньцзе мерекесімен бірге енеді. Жылқы (қытайша 马年 – Mǎ nián) — қытайдың 12 жылдық хайуанаттар күнтізбесіндегі жетінші белгі.
Қазақ дүниетанымындағы Жылқы жылы
Қазақтың 12 жылдық мүшел күнтізбесінде Жылқы жылы ерекше орын алады. Жылқы — қазақ халқы үшін тек төрт түлік емес, тіршіліктің тірегі, еркіндік пен қуаттың, батылдық пен қозғалыстың символы.
Этнограф, жазушы Бақытжол Кәкешұлының айтуынша, жылқы көшпелі өмір салтының негізін құраған.

«Қазақ өзін “жылқы мінезді халық” деп бекер айтпайды. Ат үстіндегі өмір халқымыздың жылқыға деген терең құрметін қалыптастырды. Жылқы – әрі көлік, әрі құнарлы азық. Қымыз бен жылқы еті дастарханның ең қадірлі асы болып, байлықтың белгісіне айналды. Сондықтан қазақ танымында Жылқы жылы жайлы, берекелі жыл саналады», – дейді этнограф.
Маманның айтуынша, халық ауыз әдебиетінде жылқыға қатысты жағымсыз бейне кездеспейді. Ырым-сенім бойынша, бұл жылы туған адамдар жылқы соймайды. Тарихта Жылқы жылы дүниеге келген танымал тұлғалар да аз емес. Мәселен, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров (1894) Жылқы жылы туған. Қазақтың әйгілі батыры Қабанбай батыр (Ерасыл) да осы жылы дүниеге келген. Ал Жамбыл Жабаев 1846 жылы Жылқы жылы туып, 1945 жылы Тауық жылы өмірден өткен.
Қазақ ұғымында ұл баланы «атқа мінер» деп дәріптеу, ер жеткен азаматты «ат жалын тартып мінді» деу — жылқының өмірдегі орнын айқын көрсетеді. Қадірлі қонаққа ат мінгізу дәстүрі де осы танымнан бастау алады. Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасындағы пырақ бейнесі жылқының символдық маңызын тағы бір мәрте айқындайды.
Қытай мәдениетіндегі Жылқы жылы
Шығыстанушылардың пікірінше, Қытай мәдениетінде Жылқы жылы энергия мен қозғалыстың, тәуелсіздік пен батылдықтың нышаны саналады. Бұл кезең белсенділікке, жылдам әрі нақты шешім қабылдауға үндейді.
«Қытайда Жылқы жылы жеке жетістікке, мансап пен атаққа қолайлы саналады. Қытай тіліндегі “马到成功” тіркесі – жылқы жылында табысқа тез жетуді білдіретін ырымды сөз», – дейді Бақытжол Кәкешұлы.
Қытай астрологиясында Жылқы жылы әр 12 жыл сайын қайталанып отырады. 2026 жыл — қызыл отты Жылқы жылы. Бұған дейін мұндай жыл 1966 жылы болған. Ал келесі Жылқы жылы 2038 жылға сәйкес келеді және басқа элементпен байланысты болады.
Отты Жылқы жылы жаңа бастамалар мен өзгерістер кезеңі ретінде сипатталады. Бұл уақытта кәсіби бағытты өзгертуге, жаңа жобалар қолға алуға, көшбасшылық қабілеттерді дамытуға қолайлы жағдай қалыптасады. Адамдар еркіндікке ұмтылып, тәуекелге барудан жасқанбайды.
Жылқы жылы аясындағы Қазақ-Қытай ынтымақтастығы
Бақытжол Кәкешұлының айтуынша, Қазақ пен Қытай мәдениетінде Жылқы жылы — мағынасы терең, символдық тұрғыда бір-біріне өте жақын ұғым. Екі өркениетте де жылқы күнтізбелік белгі ғана емес, еркіндік, қуат пен табыстың нышаны ретінде қабылданады.
Оның пікірінше, қазақ танымында жылқы рухани-мифологиялық мәнге көбірек ие болса (жыр, эпос, салт-дәстүр), Қытайда ол философиялық және астрологиялық жүйенің бір бөлігі ретінде қарастырылады.
- Қазақтар жылды көбіне табиғи және әлеуметтік өзгеріспен байланыстырса, қытайлар жеке тағдыр мен мінезге қатысты жорамалдайды. Бұл ортақ код екі халықтың тарихи байланысы мен Ұлы Жібек жолы дәуіріндегі мәдени ықпалдастықтың айқын көрінісі болып табылады,- деді Бақытжол Кәкешұлы.
Этнографтың айтуынша, осы ортақ құндылықтар негізінде Қазақ-Қытай мәдени ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға толық мүмкіндік бар. Оның пікірінше, өнер көрмелері, ат спорты ойындары (көкпар, бәйге) және кино фестивальдері екі ел арасындағы мәдени алмасуды тереңдете түседі.
- Жылқы жылы аясында екі ел мәдениет саласындағы қарым-қатынасы тың серпін алады деп ойлаймын. Ортақ мәдени және тәрихи құндылықтарды ескере отырып, жылқы жылына байланысты екі халықтың өнер туындылар көрмесін, сонымен қатар ұлттық ат спорты ойындары көкпар және бәйге жарыстарын өткізуге болады. Бұл халықтарымыздың мәдени алмасуын тереңдетіп, өзара ынтымақтастығымызды нығайтады,- деді маман.
Бақытжол Кәкешұлы қытайлық көкпар командасының соңғы жылдары Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстарға белсенді қатысып жүргенін де атап өтті. Сондай-ақ Қытай тарапынан қазақстандық асыл тұқымды жылқыларға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтты.
- Көкпардан Қытай құрамасы соңғы жылдары жақсы өнер көрсетіп жүр. Алайда, ат спорты саласында жылқы тұқымына қойылатын талап өте жоғары. Сол себепті, екі тарап асыл тұқымды жылқы баптау бойынша ынтымақтастықты тереңдету керек деп санаймын. Алдағы уақытта Қытай командасын елімізде өтетін «Ұлы дала жорығы» бәсекесінен көргім келеді. Сонымен қатар, эко-туризм саласында атқа міну дәстүрін қайта жаңғыртуымыз керек. Өткен жылы Қытайдан атқа мініп жолға шыққан қандастарымыз ел назарын аударған еді, — деді этнограф.

