STEPPENEWS.KZ: Астанада әлеуметтік желі арқылы баласының еміне деп ірі көлемде қаржы жинап, алаяқтық жасады деп айыпталған Дәулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты сот үкімі жарияланды. Сот ерлі-зайыптыны аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.
2026 жылғы 9 қаңтарда Астанада Дәулет пен Толқын Тотақановтардың ісі бойынша сот процесі жалғасқан. Сот отырысында баланың анасы Толқын Тотақанова соңғы сөзін айтып, өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, баласын шетелде емдетуге қомақты қаржы жұмсалған.
«Біз шынымен баланы Түркияда, Өзбекстанда, Әзірбайжанда, Ресейде емдедік. Бұған 6 млн теңге емес, 160 млн теңге кетті және оны сотта дәлелдедік. Бастапқыда баламның емі үшін өсіммен қарыз алғанмын. Кейін олар бізді бопсалап, “өлтіреміз” деп қорқытты. Бес жылдың ішінде бізден 700 млн теңге тартып алды. Мұның бәрі аудит арқылы расталды», – деді Толқын Тотақанова.
Алайда айыптау тарапы ерлі-зайыптының уәждерін жоққа шығарды. Тергеу мәліметінше, Тотақановтар бірнеше ауыр диагнозы бар ұлы Әлішердің атына әлеуметтік желіде бірнеше парақша ашып, Түркияда емделу үшін қаражат жинаған. Нәтижесінде шамамен 1,3–1,5 млрд теңге жиналған. Бұл қаржы баланың еміне емес, қымбат дүкендерге, жеке қажеттіліктерге және құмар ойындарға жұмсалғаны анықталған.
Сот үкімімен судья Қанат Тобағалиұлы Дәулет пен Толқын Тотақановтарды аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот шешіміне сәйкес, Толқын Тотақанова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 10 жыл мерзімге қайырымдылық мақсатта қаражат жинаумен айналысуға тыйым салынды және мүлкі тәркіленеді. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасын өтеуі екі жылға кейінге қалдырылды.
Ал Дәулет Тотақанов сот залында қамауға алынды. Бұған дейін ерлі-зайыпты үйқамақта болған.

