STEPPENEWS.KZ: 2025 жылы Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі өз тарихындағы ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. «Қазақстан автомобиль одағының» деректеріне сәйкес, елде барлық санаттағы 171 144 автокөлік құралы өндіріліп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға артты. Саланың жалпы өндіріс көлемі 2,3 трлн теңгеден асты.
Автомобиль жасау машина жасау саласының 41,7 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің шамамен 8 пайызын құрап, өнеркәсіптік өсімнің негізгі драйвері ретіндегі рөлін сақтап отыр.
2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 113,6 млрд теңгеге жетіп, саланың серпінді дамуына айтарлықтай ықпал етті. Бұл қаражат қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа өндіріс алаңдарын іске қосуға және автомобиль компоненттері номенклатурасын кеңейтуге бағытталды. Атап айтқанда, Алматы мен Қостанай қалаларында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan жаңа зауыттары ашылды.
Өндіріс көлемінің артуы жұмыспен қамту деңгейіне де оң әсерін тигізді. Автомобиль өнеркәсібінде еңбек ететін қызметкерлер саны 11 153 адамға жетіп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 62,2 пайызға көбейді.
Дәстүрлі түрде өндірістің басым бөлігін жеңіл автомобильдер құрады — 158 944 бірлік, өсім 19 пайызды көрсетті. Ал коммерциялық техника өндірісі 12 200 бірлікке жетіп, 8 пайызға артты.
Өндірушілер арасында Қостанай және Алматы облыстарындағы кәсіпорындар көш бастады. Қостанайдағы Allur автомобиль зауыты 92 100 көлік шығарса, Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны 52 040 жеңіл автокөлік өндірді. Жаңа іске қосылған Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты алғашқы айларында 15 180 көлік құрастырды, ал Kia Qazaqstan 2 885 автокөлік шығарды.
Автомобиль өнеркәсібінің қарқынды дамуы өндірісті жергіліктендіруді тереңдетуге, жеткізу тізбегін нығайтуға, инвестиция тартуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған жүйелі мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың нәтижесі болып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі саланың тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, жоғары қосылған құнды өнімдер үлесін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

