STEPPENEWS.KZ: Талдықорған қаласында қоғамда кең резонанс тудырған Айзат Жұманованың өліміне байланысты іс бойынша сот шешімі шықты. Марқұмның күйеуі Айбар Жанболат айыпталушы ретінде танылып 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды . Үкім орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтелетін болады.
Айта кету керек, сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі — «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпталушыны 15 жылға соттауды сұраған. Ал қаза тапқан Айзат Жұманованың анасы бұл жаза жеткіліксіз деп санап, соттан күйеу баласына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап еткен.
Сот отырысында марқұмның анасы көз жасына ерік беріп, сөз сөйледі.
«Мен алтын асықтай қызымды қолыңа салып бердім. Қызымның қадіріне жете алмады. Қызымды азаптап, қинап, өлтірді», – деген еді ол.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 2025 жылдың маусым айында Баласаз ауылында болды. Алдымен Айзат Жұманованың күйеуі Айбар кішкентай қызының көзінші атпен сүйреп өлтіргені айтылды. Прокурордың сөзінше 22 маусым күні мас күйінде әйелін есінен таңғанша ұрған.Өзі артынан ауруханаға апарады. Бірақ, 32 жастағы Айзат ауруханада көз жұмады.

