STEPPENEWS.KZ: Моңғолияның Ұлттық бостандық күніне арналған 114 жылдық мерекесі аясында ел президенті Ухнаагийн Хурэлсух Азия халықаралық Silk Way Star вокалдық байқауының Гран-при иегері Мишель Джозефті «Алтан гадас» орденімен марапаттады.
Өнер иесінің айтуынша, марапат табыстау сәті оның өміріндегі ерекше әсерлі кезеңдердің бірі болған.
— Президент маған: «Алтан гадас жұлдызындай жарқыра» деді. Бұл сөздер мен үшін ұмытылмас әсер сыйлады, — деп бөлісті Мишель Джозеф.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қараша айында әнші Азиядағы тұңғыш Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауында жеңіске жеткен еді. Ауқымды музыкалық жобаға Қазақстан, Моңғолия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан келген орындаушылар қатысты.
Silk Way Star жобасы Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың Медиа корпорациясы (CMG) арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды. Байқау жас таланттарды қолдауға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық алаңға айналды.

