STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы 6 қаңтарда құқық қорғау органдары Жангелдин ауылының тұрғындарын өлтіруге күдікті ретінде 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиевті ресми түрде іздестіру тізіміне енгізді. Ол — Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны. Қазіргі таңда полиция қылмысқа басқа да тұлғалардың қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, қаза тапқан адамдардың денесі шаруашылық қорасынан табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттер арнайы қазылған шұңқырға көмілген болуы мүмкін. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс ізін жасыру әрекеті жасалған.
Оқиғадан кейін жоғалып кеткен Мирамгүл мен Наурызды іздеу әлі де жалғасуда. Марқұмдардың денесі табылған соң, олардың мүмкіндігі шектеулі балалары да қаза тапқан болуы ықтимал деген болжам күшейген. Бұл деректерді жергілікті басылымдар жинақтаған.
– Бізге ерлі-зайыптының денесі табылғаны белгілі болды. Бұл хабар бүкіл ауылға тарады. Қазір нақты қалай қаза тапқаны анықталып жатыр. Олар өте қарапайым, момын отбасы еді, – деді ауыл әкімі Қанат Ғайса.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша басты күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев аталып отыр. Тергеу аясында оның анасы да сұралғанымен, ол жоғалған адамдардың қайда екені туралы нақты ақпарат бермеген.
Сонымен қатар, күдіктінің жұбайы әрі марқұмдардың үлкен қызы Ақбаянның да хабар-ошарсыз кеткені анықталды. Отбасы мүшелерінің тұйық өмір сүргені, сыртқы ортамен байланысының болмағаны тергеу барысында қосымша назарға алынуда.
Бейресми деректерге сәйкес, күдікті шетелде болуы мүмкін. Кейбір ақпарат көздері оның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жүргенін жоққа шығармайды. Ал Наурыздың телефоны шекара асып сигнал бергені белгілі болды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ресми органдар істің мән-жайы толық анықталғаннан кейін қосымша мәлімет беретінін хабарлады.

