STEPPENEWS.KZ: Түркістан облысында Жаңа жыл түні қайғылы оқиғамен аяқталды. Кентау қаласындағы жергілікті кафеде болған қуатты жарылыс пен одан кейінгі өрт салдарынан 18 жастағы қызметкер қыз қаза тапты. Бұл туралы Krispmedia.kz «Криминальный Казахстан» дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Қаза тапқан бойжеткеннің туыстарының айтуынша, ол жергілікті колледждің екінші курс студенті болған және аталмыш мекемеде небәрі бір ай ғана жұмыс істеген. Марқұм мен өзге де қызметкерлер бірнеше рет ғимарат ішінде өткір газ иісі сезіліп тұрғанын басшылыққа ескерткен. Алайда айқын қауіпке қарамастан, жұмысшыларды үйлеріне жібермей, мерекелік ауысымда жұмысын жалғастыруға мәжбүрлеген.
Жарылыс салдарынан ғимараттың бір бөлігі қирап, қатты өрт шыққан. Қаза тапқан қыздан бөлек, тағы төрт адам ауыр жарақат алды. Олардың екеуінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып, қазір жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр.
Марқұмның отбасы бұл қайғылы жағдайды өрескел салғырттық пен қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған деп санап, кафе иелеріне ең қатаң жаза тағайындауды талап етуде.
Жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Газ жабдығын бұзылған күйде пайдалануға жол берген жауапты тұлғалар анықталуда.

