STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда азаматтардың зейнетақы жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан заңсыз шығару дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іс аясында 11 адам қамауға алынып, тағы үшеуі үйқамаққа алынған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, тергеу стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де тұлғаларға қатысты жүргізілуде. Олар зейнетақы қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, жинақтарды шығару стоматологиялық қызмет көрсетілгені жөнінде жалған шарттар жасасу және қолдан медициналық құжаттар ұсыну арқылы жүзеге асырылған.
ҚМА дерегіне сүйенсек, мұндай операцияларды рәсімдеуге көмектескені үшін қылмыстық топ мүшелері алынған қаражаттың 10–20 пайызы көлемінде заңсыз сыйақы алып отырған.
Тергеу барысында аталған схемаға 42 стоматологиялық клиниканың қатысы бар екені анықталған. Заңсыз шығарылған қаражаттың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асып кеткен. Күдіктілер бұл қаржыға элиталық жылжымайтын мүлік пен қымбат мүліктер сатып алып, сондай-ақ табысты жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімделген жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.
Сонымен қатар, тергеу деректері медициналық мекемелердің кейбір дәрігерлері тұрақты түрде заңсыз сыйақы алып, жалған дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындыларын бергенін көрсетті. Мұндай сыйақылардың жалпы сомасы 30 млн теңгені құраған.
Аталған фактілердің барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Агенттік азаматтардың зейнетақы жинақтарын алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін еске салды.
