STEPPENEWS.KZ: Франция көрерменіне кеңінен танымал «Pekin Express» телешоуының «Мұзды жол» деп аталған жаңа қысқы маусымы Қазақстан аумағында түсіріліп, Алматының табиғи сұлулығы мен тарихи-мәдени келбетін айқын көрсетті. Бұл маусым тележоба тарихындағы айрықша кезеңге айналды: бағдарлама алғаш рет бір ғана елде әрі қыс мезгілінде түсіріліп, Франция және өзге мемлекеттердің көрермендеріне шаһардың қайталанбас бейнесін ұсынды.

Түсірілім барысында шығармашылық топ Алматыдағы бірқатар маңызды нысандарды қамтыды. Атап айтқанда, Вознесенский соборы, Орталық мемлекеттік музей, Республика сарайы, М.Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Астана алаңы, Амангелді Иманов атындағы сквер, «Sputnik Mall» сауда және ойын-сауық орталығы мен Байкен мешіті кадрға енді. Түсірілім жұмыстары өткен жылдың көктемінде жүргізіліп, қаланың тарихи, мәдени және табиғи кеңістіктері экран тілі арқылы кеңінен таныстырылды.
Жобаны жүзеге асыруға шамамен 70 адамнан құралған команда атсалысты. Алматы қаласының Туризм басқармасы түсірілім процесіне жан-жақты қолдау көрсетіп, жұмыстың үйлесімді әрі мазмұнды өтуіне ықпал етті.
«Pekin Express» — Францияда туристік қызығушылық пен бағыттарды қалыптастыратын ең ықпалды медиажобалардың бірі. Бағдарламаның әр шығарылымын миллиондаған көрермен тамашалайды, ал жекелеген бөлімдер M6+ цифрлық платформасы арқылы кең аудиторияға таралады. Әдетте, белгілі бір елде түсірілген маусым эфирге шыққаннан кейін Франциядан келетін туристер саны кемінде 15 пайызға артады. Бұл Алматы мен жалпы Қазақстанды әлемдік туристік кеңістікте кеңінен танытуға жаңа серпін бермек.
Аталған маусым Алматының өзіндік болмысын айшықтап, қаланың тартымды туристік бағыт ретіндегі беделін одан әрі нығайтты.

