STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ескеруі тиіс негізгі өзгерістерді Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Жания Сандыбай түсіндірді.
Жаңа Салық кодексіндегі басты жаңалықтардың қатарында қосылған құн салығының 16% дейін өсуі, міндетті тіркеу шегінің 10 000 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде белгіленуі, арнаулы салық тәртіптемелерінің қайта қаралуы және жеке кәсіпкерлерді есепке қою талаптарының қатаңдатылуы бар.
Арнаулы салық тәртіптемелері сақталғанымен, оларды қолдану шарттары мен қызмет түрлеріне қойылатын талаптар едәуір шектеледі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке кәсіпкер болып тіркелмеген, жалдамалы қызметкерлері жоқ жеке тұлғалар болып саналады. Олар тек рұқсат етілген қызмет түрлерімен ғана айналыса алады. Айлық табыс шегі 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс, бұл жылына шамамен 15 миллион теңгеге дейінгі кірісті білдіреді. Бұл санаттағы азаматтар табысының 4% мөлшерінде төлем жасайды, жеке табыс салығын төлемейді.
Есептеу мен төлемдер декларациясыз, мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі. Сарапшының айтуынша, табысы шекті мөлшерге жақындаған жағдайда оның маусымдық ауытқуын алдын ала ескерген жөн. Бір айдағы табыстың күрт өсуі азаматты автоматты түрде бұл режимнен шығарып, басқа салық тәртіптемесіне көшіруі мүмкін. Бұл әсіресе фрилансерлер мен онлайн саудамен айналысатындар арасында жиі кездеседі. Егер азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, табысы аз болған күннің өзінде бұл режим оған қолданылмайды.
Арнаулы салық тәртіптемесіндегі жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін жылдық табыс шегі 600 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 2,5 миллиард теңге деңгейінде белгіленген. Салық мөлшерлемесі табыстың 4% көлемінде, алайда мәслихаттар оны аймақтық ерекшелікке қарай 50% дейін төмендетуі немесе арттыруы мүмкін. Бұл тәртіптемеде қосылған құн салығы қолданылмайды, ал есептілік жарты жылда бір рет тапсырылады.
Жания Сандыбайдың айтуынша, табыс лимиті жоғары болғанымен, егер бизнес ірі корпоративтік клиенттермен жұмыс істей бастаса, арнаулы салық тәртіптемесі тиімсіз болуы мүмкін. Себебі шығындарды шегеру мүмкіндігі жоқ және бухгалтерлік есеп жүргізу шектеулі.
2026 жылы арнаулы салық тәртіптемесін қолданғысы келетін барлық жеке кәсіпкерлер 1 наурызға дейін осы режим бойынша есепке тұруы міндетті. Егер кәсіпкер тиісті хабарламаны бермесе немесе әрекетсіз қалса, салық органдары оны автоматты түрде жалпыға бірдей салық тәртіптемесіне ауыстырады. Бұл жағдайда таңдау құқығы берілмейді және шешім кері күшпен қолданылады.
Жалпыға бірдей салық тәртіптемесі қызмет түрі арнаулы тәртіптемеге тыйым салынған тізімде болғанда, жылдық табыс 600 000 айлық есептік көрсеткіштен асқанда, қосылған құн салығын қолдану қажет болғанда немесе бизнес B2B сегментінде жұмыс істеп, шығындарды шегеру маңызды болған жағдайда міндетті түрде қолданылады.
Егер жалпыға бірдей салық тәртіптемесіндегі жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік 10 000 айлық есептік көрсеткіштен асса, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеуден өтіп, 16% мөлшерлемемен салық есептеуі тиіс.
2026 жылдан бастап жалпыға бірдей тәртіптеме бойынша жеке кәсіпкерлер таза табысының 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлейді, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру жарналары қолданыстағы мөлшерлемелермен есептеледі. Қосылған құн салығы міндетті немесе ерікті тіркеу негізінде 16% көлемінде төленеді.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін корпоративтік табыс салығы 2%, қосылған құн салығы 16% мөлшерінде белгіленген. Қызметкерлердің жалақысынан барлық салықтар мен аударымдар толық көлемде төленеді.
Қосылған құн салығының 10 000 айлық есептік көрсеткіштік шегі тек жалпыға бірдей салық тәртіптемесіне қолданылады. Арнаулы салық тәртіптемесіндегі кәсіпкерлер табысы бұл шектен асқан жағдайда да ҚҚС төлеуші болып саналмайды.
Сарапшы кәсіпкерлерге қазірден бастап қызмет түрін тексеріп, өзіне қолайлы салық тәртіптемесін анықтауға, соңғы 12 айдағы айналымды есептеуге және баға саясатын қайта қарауға кеңес береді.
✔ Қызмет түрін тексеру
✔ Салық тәртіптемесін анықтау
✔ Соңғы 12 айдағы айналымды есептеу
✔ Жеке кәсіпкерлерге 2026 жылғы 1 наурызға дейін арнаулы салық тәртіптемесіне өтініш беру
✔ Жалпыға бірдей тәртіптеме үшін 16% ҚҚС-ты ескере отырып баға мен маржаны қайта есептеу

