STEPPENEWS.KZ: Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында жедел медициналық жәрдем қызметі 7 467 926 шақыртуға шыққан. Оның 1 375 401-і емханалар жанындағы мобильді бригадалардың үлесіне тиесілі.
Ең көп шақырту Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астана қаласында тіркелген. Азаматтар жедел жәрдемге көбіне тыныс алу жүйесі аурулары, жүрек-қан тамырлары сырқаттары, сондай-ақ жарақаттар, уланулар мен жазатайым оқиғаларға байланысты жүгінген.
Реанимациялық көмектің тиімділігі 8,2 пайызға артып, 60,3 пайызды құрады. Шақыртуды жедел көмек бригадасына беру уақыты орта есеппен 1,7 минут, ал бригаданың науқасқа жету уақыты 8,8 минут болған.
Қазіргі таңда ел бойынша 1 618 көшпелі бригада жұмыс істейді. Оның ішінде 258-і дәрігерлік, 1 360-ы фельдшерлік құрамда. Жедел жәрдем қызметінің кадрмен қамтылу деңгейі 86,8 пайызды құрайды.

