STEPPENEWS.KZ: Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұратын отбасының жоғалуына байланысты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлік «Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, 2025 жылдың қазан айынан бері Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Насип Өтешқалиева және олардың екі баласы — Мирагүл мен Наурыздың қайда екені белгісіз.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, отбасынан алдымен ұлдары — Наурыз жоғалған. Ол полицияға ресми арыз берілгенге дейін шамамен бес-алты ай бұрын туыстарына Ақтау бағытына жұмысқа бара жатқанын айтқанымен, нақты қай мекеме мен қай жерге баратынын көрсетпепті. Сол уақыттан бері онымен байланыс үзілген.
2025 жылдың қазан айында отбасының қалған мүшелері ауылдан шығып кеткен. Олар бұл сапарларын дәрігерге қаралу қажеттілігімен түсіндірген. Алайда қай медициналық мекемеге, қандай бағытпен кеткені туралы туыстары мен таныстарына нақты ақпарат берілмеген. Отбасының әрі қарайғы қозғалысы туралы расталған деректер жоқ.
Бұл жағдайды алаңдата түсетін жайт — отбасының қызы Мирагүлдің үшінші топтағы мүгедек болуы. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін WhatsApp мессенджері арқылы ұлының атынан үйдегі барлық мал сатылып, түскен қаражат Мақсот Қарабалиннің Kaspi Bank-тегі жеке шотына аударылған.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар отбасы мүшелерінің такси қызметін пайдаланбағанын және қалааралық көлікке билет алмағанын айтады. Осыған байланысты олардың жеке автокөлікпен кетуі мүмкін деген болжам қарастырылуда.
Отбасының жоғалғаны туралы ресми арыз полицияға 2025 жылдың 25 желтоқсанында түскен. Атырау облыстық полиция департаменті отбасы мүшелеріне іздеу жариялап, өзге өңірлердегі құқық қорғау органдарына бағдарлама жолдады. Төрт адам да үшінші топтағы мүгедек ретінде тіркелген. Соңғы тұрған мекенжайы — Жангелдин ауылы.
Полиция жоғалған отбасы туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуға шақырады: 98–20–78, 98–20–88, +7 701 304 0012.

