STEPPENEWS.KZ: Гуанчжоу радио және телевидение Қазақстан аумағында «Make Friends in the Silk Road» халықаралық жобасының түсірілімін бастады. Бағдарлама деректі тревел-шоу форматында түсіріліп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және туристік ынтымақтастықты кеңінен көрсетуді мақсат етеді.
Бұл жоба цифрлық платформаларда жоғары танымалдыққа ие болған «Гонконг жастары шекара маңындағы қалаларда» деректі жобасының жалғасы саналады.
Шоудың негізгі кейіпкерлері – екі елден іріктелген жас блогерлер. Олар өз сапары арқылы көрермендерге Қазақстан мен Қытайдың туристік мүмкіндіктерін, мәдениеті мен дәстүрін, қазіргі жастардың өмір салты мен құндылықтарын таныстырады.
«Биыл біз Қытайдың ірі мегаполисі – Гуанчжоумен туристік байланысты күшейттік. Туроператорлар арасында b2b-кездесулер ұйымдастырылды, ҚХР туриндустриясы өкілдеріне ақпараттық турлар өтті. Air Astana Гуанчжоу–Алматы тікелей рейсін іске қосты. Қытай нарығындағы жүйелі жұмысымыз оң нәтиже беруде: биыл 11 ай ішінде Қазақстанға келген қытай туристер саны 876 мыңнан асты, өткен жылы бұл көрсеткіш 655 мың еді. Осындай жобалар еліміздің Азиядағы басты туристік нарықтағы ықпалын арттыруға мүмкіндік береді», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.
📍 Түсірілім Қазақстанның екі ірі қаласын қамтиды. Алматыда шығармашылық топ қала өмірімен, гастрономиялық бағытпен танысып, Шымбұлақ тау-шаңғы курортына барды. Астанада шетелдік аудиторияға елорданың заманауи сәулеті, инфрақұрылымы және қарқынды дамуы көрсетілмек.
Жоба Гуанчжоу телеарнасында және GBA Life Style медиахолдингінің халықаралық платформаларында жарияланады.

