STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллектіні дамытуды елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Президент бұл технологияны транзит, цифрлық қала қалыптастыру, білім беру және қорғаныс салаларында кеңінен қолдану қажеттігін айтып, жасанды интеллект пен цифрлық даму саласына жауапты жеке министрлік құруды тапсырды.
Жолдауында Мемлекет басшысы Қытайға жасаған сапары барысында әлемнің жетекші технологиялық компанияларымен ауқымды келісімдер жасалғанын жеткізді. Сол компаниялардың бірі Alatau City жобасын жүзеге асыруға қатысады. Президент бұл қаланы толық цифрландырылған, Smart City технологиялары енгізілген және инновациялық қаржы құралдары пайдаланылатын жаңа форматтағы қала ретінде дамытуды міндеттеді.
Қытайдың аталуына себеп те орынды. Бүгінде Қытай жасанды интеллектіні ұлттық даму стратегиясының өзегіне айналдырып, 2017 жылдан бері бұл саланы жүйелі түрде қолдап келеді. Елде мыңдаған компания, ірі зерттеу орталықтары мен университеттер AI технологияларын нақты өндіріс, медицина, ауыл шаруашылығы, көлік және қаржы салаларына енгізіп отыр.
Қытайлық Baidu, Alibaba, JD.com сияқты ірі платформалар жасанды интеллектіні деректерді талдау, логистика және клиенттермен жұмыс істеуде кеңінен қолданса, WeChat, Douyin секілді әлеуметтік желілер контентті басқару мен жарнамада AI алгоритмдеріне сүйенеді. Сонымен қатар, Қытай робототехника саласында да алдыңғы қатарда қалыптасып, өндірістік және қызмет көрсету роботтарын жаппай енгізуде.
Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылы Қытайдың жасанды интеллект нарығы 600 млрд юаньға жеткен. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,7 трлн юаньға дейін өсуі мүмкін. Ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі – қарттарға күтім көрсетуге арналған интеллектуалды жүйелер мен роботтар.
Қазақстан да осы тәжірибені негізге ала отырып, Қытаймен білім және ғылым саласында ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі. Мемлекет басшысының Қытайға ресми сапары аясында Қазақстан мен Қытайдың жетекші жоғары оқу орындары 20-дан астам келісімге қол қойды. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қытайдың бірқатар университеттері арасында жасанды интеллект бағытында ғылыми-технологиялық альянс құру туралы келісім бар.
Сарапшы Мадина Тынымбекованың айтуынша, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мұғалімдердің уақытын үнемдеп, оқушылармен жұмысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Президент те өз Жолдауында жасанды интеллект пен қашықтан оқыту технологиялары негізінде «Qazaq Digital Mektebi» моделін әзірлеуді тапсырған болатын.
Қытай тәжірибесі көрсеткендей, білім беру саласын цифрландыру жүйелі мемлекеттік қолдауды талап етеді. Осы тұрғыда Қазақстан үшін Қытаймен әріптестік жасанды интеллектіні дамытуда маңызды мүмкіндік болып отыр.

