STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Алматы тұрғындары кемінде бес жыл бойы МӘМС жүйесіне тұрақты түрде жарна төлеген жағдайда, төлем уақытша тоқтатылған кезде де алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық бөлімшесінің директоры Мұхамеджан Ілияс хабарлады.
Жаңа норма әсіресе жұмыс орнын ауыстырған жалдамалы қызметкерлерге қажет, алайда ол жарна төлеушілердің барлық санатына қатысты.
«Яғни, жұмысынан айырылған немесе уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар медициналық көмексіз қалмайды, бұрынғыдай МӘМС аясында қызмет ала береді. Бірақ табысы қалпына келгеннен кейін өткен айлардағы берешегін өтеуі қажет», – деді спикер.
Қазір «сақтандырылған» мәртебесі төлем тоқтатылғаннан кейін үш ай бойы сақталады. Бұл норма жарнаны төлеу мерзіміне қарамастан қолданыста қала береді. Сақтандырылған мәртебені алғаш рет алған азаматтар бұрынғыдай 12 ай бойы жарна төлейді.
Спикердің айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, медициналық сақтандырудан уақытша шығып қалу қаупін азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде сақтандыру моделінің қаржылық тұрақтылығы мен әділдігін арттыруға арналған бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, жарнаны есептеу үшін табыстың жоғарғы шегі ұлғаяды:
-
қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақыға дейін,
-
жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақыға дейін.
Қазіргі уақытта бұл шек 10 ең төменгі жалақы деңгейінде.
Спикердің мәлімдеуінше, шекті мөлшердің өсуі жүйедегі қаржылық жүктемені теңестіруге мүмкіндік береді, өйткені қазіргі кезде жоғары табысы бар азаматтар салыстырмалы түрде аз жарна төлейді. Бұл өзгерістер жыл сайын шамамен 200 млрд теңге қосымша қаржы тартуға жол ашады.
Сонымен қатар, аталған жаңартулар барлық азаматтарға денсаулық сақтау қызметіне әділ қолжетімділік қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың МӘМС жүйесіне теңдей қатысуына негізделген Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыруға бағытталған.

