STEPPENEWS.KZ: Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан 195 елдің ішінде 60-орынға көтеріліп, бір жыл ішінде 16 позицияға ілгеріледі. Бұған дейінгі 2024 жылғы рейтингте еліміз 76-орында тұрған еді.
Аймақтық салыстыруда Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектіні енгізу және басқару деңгейі бойынша көш бастап, “аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі” мәртебесін растайды.
Government AI Readiness Index үкіметтердің жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда, экономикада және қоғамдық процестерде тиімді қолдану қабілетін, сонымен қатар ЖИ-дің қауіпсіз, жауапты және орнықты дамуына жағдай жасау деңгейін бағалайды. Зерттеу 195 елді қамтып, жасанды интеллект саласындағы мемлекеттердің рөлін анықтайтын бірегей халықаралық рейтинг болып саналады.
Қазақстанның рейтингтегі ілгерілеуі институционалдық және инфрақұрылымдық база нығайғанын, сондай-ақ ЖИ технологияларының мемлекеттік секторда белсенді енгізіліп жатқанын көрсетеді.
Еліміз, әсіресе, Public Sector Adoption бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, 73,59 балл жинады. Бұл мемлекеттік қызметтерде цифрлық шешімдердің кеңінен қолданылып жатқанын, электрондық үкіметтің дамуын және азаматтар мен бизнес үшін сервистердің проактивті форматқа көшкенін айғақтайды.
Қазақстанның негізгі бәсекелестік артықшылықтарының бірі – цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуы. Бұл жасанды интеллект шешімдерін ұлттық деңгейде кең ауқымда енгізуге мүмкіндік береді. Ұлттық цифрлық платформалар, интернет желісінің таралу деңгейінің жоғары болуы және электрондық мемлекеттік қызметтердің дамыған экожүйесі ЖИ технологияларын одан әрі жетілдіруге қолайлы жағдай жасайды.
Oxford Insights есебінде Қазақстанның саяси әлеуеті мен басқарушылық дайындығы да ерекше атап көрсетілген. Стратегиялық құжаттардың болуы, нормативтік-құқықтық база қалыптасуы және жасанды интеллект тақырыбына институционалдық деңгейде тұрақты назар аударылуы елге ұзақ мерзімді әрі жүйелі мемлекеттік саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
2025 жылғы рейтинг жаңартылған әдістемемен жасалды, онда стратегиялық жоспарлаудан бастап, ЖИ-ді мемлекеттік сектор мен экономикада практикалық енгізуге дейінгі барлық аспектілер қамтылған.
Зерттеу нәтижелері келесі даму бағыттарын айқындайды: жасанды интеллект шешімдерін коммерцияландыруды жеделдету, жеке технологиялық сектор мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ бизнес үшін деректер мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті кеңейту.
Жалпы алғанда, Government AI Readiness Index 2025 нәтижелері Қазақстанның жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу жолында сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын растайды. Алдағы уақытта мемлекеттік цифрлық базаны нарықтық шешімдерге айналдыру және ЖИ технологияларын енгізу арқылы тұрақты экономиканы қалыптастыру елге одан әрі жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндік береді.

