ФАО ұйымдастырған халықаралық кеңесте пестицидтердің адам денсаулығына ықпалы, сондай-ақ химиялық улануға ден қоюдың ұлттық жүйелерін жетілдіру жолдары талқыланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бастамасымен өткен халықаралық кеңес барысында пестицидтерді қолдану салдарынан туындайтын қауіптер мен химиялық уланулардың алдын алу тетіктері күн тәртібіне шығарылды. Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Венгрия, Швейцария және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты.
Кездесу аясында қатысушылар пестицидтерді пайдалану кезінде тәуекелдерді төмендетудің заманауи тәсілдерін қарастырып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мен токсикологиялық көмекті дамыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан атынан Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Иргибаев сөз сөйлеп, Орталық Азия елдері арасында алғашқылардың бірі болып құрылған токсикоақпараттық орталықты дамыту тәжірибесін таныстырды.
Аталған бастама кейіннен Шымкент пен Қарағанды қалаларында химиялық уланулар кезінде халыққа жедел көмек көрсететін арнайы бөлімшелердің ашылуына негіз болды. Бұл орталықтардың қызметі халықаралық TOXBASE ақпараттық базасын пайдалану арқылы жүзеге асырылады, соның нәтижесінде тұрғындарға уақтылы әрі сапалы токсикологиялық кеңес беру мүмкіндігі артты.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның бұл халықаралық іс-шараға белсенді қатысуы елдің халық денсаулығын қорғау, химиялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін көрсетеді.

