STEPPENEWS.KZ: Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, танымал пианист әрі композитор Серік Еркімбековтің «Өмір желі» атты авторлық концерті өтті.
Шығармашылық кеш Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында болды. Концерт барысында композитордың көпжылдық шығармашылық жолын айқындайтын таңдаулы туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Бағдарламаға «Өмір желі», «Гауһар», «Жер-Аспан», «Алтын-арқа», «Анаға арнау», «Дархан дала» шығармалары мен опералардан алынған үзінділер енді. Сонымен бірге халық әндері орындалып, ұлттық билер көрсетілді. Академиялық музыка мен дәстүрлі өнердің үйлесімі көрерменге ерекше әсер берді.
Бұл мәдени шара мемлекет және музыка өнерінің көрнекті өкілі Жексембек Еркімбековтің 95 жылдық мерейтойына арналды.
Кеш барысында сахна төріне бірқатар танымал орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар шықты. Атап айтқанда, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Gulder» және «Birlik» ансамбльдері, сондай-ақ «Балдәурен» балалар хоры өнер көрсетті.

