STEPPENEWS.KZ: Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің тиімділігін арттыруға арналған кеңейтілген кеңес өтті.
Жиын барысында олимпиадалық резервті даярлауға жауапты мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің қазіргі жұмысы жан-жақты сараланып, оларды жетілдіру бағыттары талқыланды. Кеңеске өңірлік спорт басқармаларының басшылары, аталған білім беру ұйымдарының директорлары, спорт федерациялары мен салалық құрылымдардың өкілдері қатысты.

ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов жүргізілген талдаудың негізгі қорытындыларын таныстырды. Оның айтуынша, сапалы спорт резервін қалыптастыру үшін олимпиадалық бағыттағы мектеп-интернат-колледждердің қызметін кешенді түрде жаңғырту қажет.
Қазіргі таңда республика бойынша 16 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі, 1 республикалық спорт колледжі және 3 республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж жұмыс істейді. Бұл мекемелерде спорттың 41 түрі бойынша дайындық жүргізіліп, 6 381 жас спортшы білім алуда.

Талқылау аясында аталған ұйымдардың басшыларына арналған негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) жүйесін енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, облыстық интернаттарда өңірлік құрама сапына енген, ал республикалық деңгейдегі оқу орындарында ұлттық құрамаға қабылданған спортшылардың үлесін арттыру басты индикаторлардың бірі ретінде белгіленді. Сонымен қатар, жаттықтырушы-педагогикалық құрамның жұмысын жан-жақты бағалау қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша колледждердегі оқу мерзімін 2 жыл 10 айдан 2 жылға дейін қысқарту жөнінде ұсыныстар жасалды. Үнемделетін қаржыны бакалавриат деңгейіндегі мемлекеттік гранттарды қаржыландыруға бағыттау жоспарлануда.Спорт түрлеріне байланысты нақты мамандандыруды күшейту, материалдық-техникалық база мен кадрлық мүмкіндіктерге сай қайта құрылымдауды да қарастырды.

