Қазақстанда халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика байқалуда. Атап айтқанда, жалпы және нәресте өлімінің төмендеуі, сондай-ақ күтілетін өмір сүру ұзақтығының артуы тіркелді.
Бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға, ал нәресте өлімі 18,7%-ға азайды.
Дүниежүзілік Банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 75,4 жасқа жетті.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның Даму бағдарламасының 2025 жылғы Адами даму индексі есебіне сәйкес, Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда өз орнын 7 сатыға жақсартып, 193 елдің ішінде 60-орынға орналасты.

