STEPPENEWS.KZ: Алматыда «ALMATY PROF SKILLS: нәтижелері және даму мүмкіндіктері» қалалық форумы өтіп, Жұмысшы мамандықтары жылы салтанатты түрде аяқталды. Жиында техникалық және кәсіптік білім беру саласын жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар сараланып, жыл бойғы тәжірибе мен жетістіктер талқыланды.

Форум аясында Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында колледж студенттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда оқу орындары мен өндіріс орындарының бірлескен жобалары, практикалық жұмыстар нәтижесі таныстырылды.
Шарада кәсіби білімнің дамуына үлес қосқан ұстаздар мен мамандарға алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды. Сондай-ақ WorldSkills республикалық чемпионатында алғашқы орынды жеңіп алған алматылық студенттер командасы қаржылай сыйлыққа ие болды.

Биыл ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз бар. Соның ішінде ерекше алматылық команданың «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатында жүлделі бірінші орын алуын атап өтуге болады. Алматы қашанда білім, бизнес, мәдениет орталығы болған, солай болып қала береді. Алып шаһар Алматы күрделі даму үстінде және оның экономикасы да күрделене түседі. Соған сәйкес, біз қала сұранысын қамтамасыз ететін тиісті мамандарды дайындай білуіміз керек. Осы бағытта колледждер желісінің атқаратын орны орасан зор. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» бұл жылмен тоқтап қалмайды. Бұл тек үлкен жолдың тағы бір белесі, – деді Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Қазір Алматыда түрлі салаға маман дайындайтын 88 колледж жұмыс істейді. Оның 22-сі мемлекет қарауында, 66-сы жекеменшік. Қаладағы колледждерде 5 626 оқытушы еңбек етеді, ал студенттер саны 86 818-ге жеткен. Соның 50 мыңнан астамы мемлекеттік грантпен оқиды.
Бүгінде 131 мамандық пен 220 біліктілік бойынша білім беріледі. Бағыттар құрылыс, көлік, энергетика, қызмет көрсету, медицина, білім беру, экономика, байланыс және IT сияқты еңбек нарығына қажетті салаларды қамтиды. 2025 жылғы түлектердің 94,3%-ы жұмысқа тұрған. Өндірістік тәжірибені күшейту үшін 770 кәсіпорынмен келісім жасалған, 52 колледжде дуалды оқыту енгізіліп, 22 мыңнан астам студент оқуымен қатар өндірісте тәжірибе жинауда.

Былтыр 132 оқытушы АҚШ, Қытай және Сингапурда тағылымдамадан өтіп, халықаралық әріптестік кәсіби білімді дамытудың маңызды бағытына айналып отыр.

