STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда Zoom мен ChatGPT сияқты сервистерге қарапайым пайдаланушы бірнеше минутта тіркеле алады. Алайда мемлекеттік органдар үшін халықаралық цифрлық платформалардан жазылым сатып алу — заңдық және бюрократиялық кедергілерге тірелген мәселе. Соның салдарынан мемлекет уақыт пен қаржыны делдалдарға жұмсауға мәжбүр.
Мемлекеттік сатып алу қағидаларына сәйкес, госоргандар халықаралық платформаларға жазылымды тікелей рәсімдей алмайды. Заңда тікелей келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін ондаған негіз бар, алайда цифрлық жазылымдар бұл тізімге кірмеген. Бұл аталған сервистер Қазақстан аумағында ресми жұмыс істеп тұрғанына қарамастан орын алып отырған жағдай.
Формалды түрде мұндай жазылымдарды зияткерлік меншік нысаны ретінде сатып алуға болады. Алайда бұл үшін монополияға қарсы органның қорытындысы қажет. Іс жүзінде мұндай қорытындыны алу қиын, ал мемлекет осы санаттағы платформаларға қатысты бірыңғай тетік әзірлемеген.
Соның салдарынан мемлекеттік мекемелер 20–30 мың теңге көлеміндегі ұсақ сатып алуларды жариялауға мәжбүр. Көбіне конкурсқа бір ғана қатысушы – делдал компания келеді. Ол платформаның өз сайтында жазылымды рәсімдеп, өз маржасын қосады.
Нәтижесінде мемлекет уақытын да, қаржысын да жоғалтады. Бірнеше минутта тікелей сатып алуға болатын қызмет делдал арқылы қымбатқа түседі. Сонымен қатар мұндай сатып алулар көзге көп түсе бермейді, ал құжаттардан нақты қандай қызмет алынғанын түсіну әрдайым мүмкін бола бермейді.
Мәселенің шешімі аса күрделі емес. Қаржы министрлігінің OpenAI, Zoom секілді халықаралық сервистер тізімін бекітетін бір ғана бұйрығы жеткілікті. Сол арқылы мемлекеттік органдар бұл платформалардан қызметті тікелей сатып ала алар еді. Ал әзірге мемлекет «Жазылу» батырмасы үшін артық төлеуді жалғастырып отыр.

