STEPPENEWS.KZ: Алматыда жастар арасында тұрақты экологиялық мәдениет қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. 2025 жылы қала экологиялық саясатты күшейтіп, оны жаппай сипаттағы, заманауи әрі жастарға бағытталған кешенді жобаға айналдырды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық жағдайды жақсартуға ғана емес, экологиялық сананы күнделікті өмір салтына енгізуге басымдық берілді. Бір реттік тазалау шаралары тұрақты әдетке айналып, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталды.
Жыл бойы 65 мыңнан астам адам қатысқан 300-ден аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Сенбіліктер мен рейдтер барысында 120 гектардан астам аумақ тазартылып, 200 тоннадан артық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар экологиялық ағарту, цифрлық шешімдер мен қалалық қауымдастықтарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Негізгі жобалардың бірі – қаланың барлық ауданын қамтыған «EcoQala Fest» көшпелі фестивалі болды. Интерактивті формат, визуалды элементтер және экомаскоттар арқылы экология тақырыбы қолжетімді әрі тартымды түрде ұсынылды. Қалдықтарды сұрыптау бойынша түсіндіру жұмыстарын тазалық шараларымен ұштастырған «Экорейнджерлер» бастамасы маңызды рөл атқарды. #ТазаЅпар, #EcoSortChallenge және #EcoStyleDay онлайн-челлендждеріне 7 мыңнан астам адам қосылды.
Қалада жаңа коммуникациялық форматтар белсенді қолданылды. «Jastar Talk» лайв-подкасттары мен «EcoБақылау» рейдтері 5 мыңнан аса тұрғынды қамтыды. Бір жыл ішінде 800-ден астам санитарлық талап бұзушылық анықталып, 45 рұқсатсыз қоқыс полигоны тіркелді. Сонымен қатар 25 ірі сенбілік пен ондаған тақырыптық акция өткізілді. Жоғары оқу орындарының базасында абаттандыру мен тазалыққа мониторинг жүргізу жүйелі жолға қойылды.
Жастар аудиториясына ерекше көңіл бөлінді. Плоггингтер, ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері, экологтармен кездесулер, форсайт-сессиялар және «Жасыл Кампус» speaking club алаңдарына 2 мыңнан астам жас қатысты. «Plastic Hunt», «Plastic-Free Week», «Қалдыққа екінші өмір сыйла» сынды акциялар ақпараттан практикалық әрекетке көшуге мүмкіндік берді.
«Жасыл Ел» бағдарламасы да елеулі үлес қосты. 2100-ден астам қатысушы өзен жағалауларын, таулы аймақтар мен аулаларды тазалап, жүздеген заң бұзушылық пен 40-қа жуық заңсыз полигонды анықтады. Жыл қорытындысында Алматы бағдарламаны іске асыру бойынша үздік өңір атанды. Жастар күні аясында өткен «ECO VIBE» акциясы мыңдаған адамды біріктірді.
Қаладағы жоғары оқу орындарында қайта өңдеуге арналған шикізат жинау жұмыстары жалғасып келеді, одан түскен қаражат қайырымдылық мақсаттарға бағытталуда. #ЭкоСана онлайн-науқаны тұрғындардың экологиялық тұрғыда саналы әрекеттерін көрсететін 1700-ден астам жарияланымды қамтыды. Сондай-ақ орталық көшелердің бірінде 14 мың пластикалық қақпақтан жасалған «EcoBench» арт-нысаны орнатылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының экологиялық күн тәртібі сапалы жаңа деңгейге шықты. Қала жүйелі басқару, жастар бастамалары, еріктілік қозғалыс пен шығармашыл форматтарды үйлестіре отырып, тұрақты экологиялық мәдениеттің тиімді моделін қалыптастырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс 2026 жылы да жалғасын табады.

