STEPPENEWS.KZ: 20 желтоқсанда Жапонияда «Орталық Азия – Жапония» диалогы аясындағы алғашқы саммит ұйымдастырылды. Халықаралық жиынға Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекет басшылары қатысты.
Кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония университеттері мен білім беру орталықтарының Қазақстанда өкілдіктерін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл қадам екі ел арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Жапонияның Орталық Азия елдерімен жасанды интеллект саласында жаңа серіктестік орнату жөніндегі бастамасын қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырылып келеді, ал жапондық инновациялар сапасы мен сенімділігі арқылы әлемге кеңінен танылған.
Жиын қорытындысында Токио декларациясы қабылданып, «Орталық Азия – Жапония» форматындағы төрағалық Қазақстанға берілді. Тараптар келесі саммитті Қазақстан аумағында өткізу жөнінде ортақ келісімге келді.

