STEPPENEWS.KZ: Посткеңестік кеңістіктің жұртшылығы мектеп қабырғасында болған сұмдық қылмыстан есеңгіреп қалды. Қаза тапқан бала туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбаны бір миллионнан астам адам қолдап, бөліскен. Қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасына танымал тұлғалар да көңіл айтуда, деп хабарлайды Starhit.ru
Тележүргізуші Ксения Бородина бұл қайғылы оқиғаның отбасымен бірге өткізетін әр сәттің қадірін бұрынғыдан да терең түсінгенін айтты.
«Бүгін әдейі жұмыстан ертерек босауға тырыстым. Балаларыммен бірге болу үшін пәтерде қалдық, — деп жазды ол. — Мұнда үйдегідей кең емес, бірақ бәріміз үнемі бірге боламыз.
Осыған шексіз қуаныштымын. Үлкен үйде әркім өз бөлмесіне тарап кетеді. Ал мұнда біз біртұтас отбасы сияқтымыз. Кеше болған оқиғадан кейін жүрегім қатты ауырады, сол ойларды өзімнен алыстатуға тырысамын… Оларды қалай қорғауға болады, өйткені олар өмірдің ең маңызды бөлшегі…»
Қайғыға әнші Алекса да бейжай қарамады.
«Мен — анамын. Мұндай қасіретті көру өте ауыр. Бұл — нағыз трагедия, жүрек шыдай алмайды… 16 желтоқсан күні таңертең Одинцово қаласындағы мектептердің бірінде сұмдық оқиға болды. 9-сыныпта оқитын 15 жастағы оқушы қарулы шабуыл жасап, 10 жастағы 4-сынып оқушысы Кобилджон Алиевтің өмірін қиды.
Бұл қалай ғана мүмкін болды?! Марқұм баланың отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Мұндай жағдай мүлде болмауы тиіс!», деп жазды әнші.
Марқұмның анасына актриса Алена Хмельницкая да үн қатты. «Нилуфар Сафоева, сізбен бірге қайғырып отырмын. Бұл — өте ауыр қасірет… Адамдар бар, адамдық қасиеттен айырылғандар бар. Адамзат, өкінішке қарай, осылай бөлінеді», — деп жазды ол.
Сондай-ақ, Гоар Аветисян да өз қайғысын жасырмады: «Жүрек қан жылайды… Кішкентай періште Кобилджон… Жаның жәннатта болсын».
Қайғыға ортақтасқан тағы бір танымал тұлға — Тәжікстан тумасы Дина Саева. Блогер жұртты өшпенділікке бой алдырмауға шақырып, жеккөрушілік тек жаңа қақтығыстарға жол ашатынын айтты.
«Болған жағдай — жан түршігерлік трагедия. Баланың қаза табуы, оның үстіне ұлтына байланысты болса — бұл сұмдық әрі мүлде жол берілмейтін нәрсе. Марқұмның отбасына және бұл қайғы тиген барлық жанға шын жүректен көңіл айтамын.
Менің үнсіздігім — немқұрайлылық емес. Соңғы айларда ауыр жеке күйзеліс жағдайында жүрмін. Сондықтан жаңалықтарды әдейі аз оқуға тырыстым. Өйткені өзім де агрессия мен қудалауға жиі тап боламын. Өшпенділік ауырсынуды жеңілдетпейді де, жоғалған өмірді қайтара алмайды. Мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне — іс жүзінде де, сөз жүзінде де қарсымын. Әлемнің барған сайын қатал болып бара жатқаны өкінішті, әрі бұл маған жақсы таныс жағдай», — деді ол.
«Жеккөрушілік, айыптау мен интернеттегі жаппай жазалау ешкімді адамгершілікт етпейді. Әрі бірде-бір жәбірленушіге көмектеспейді. Керісінше, ол жаңа ашу мен өшпенділік тудырады. Егер сіз зорлық-зомбылыққа қарсы күресемін десеңіз, алдымен оның қайнар көзіне айналмаңыз», — деп түйіндеді блогер.
Әнші Манижа да бұл қасіретке қатысты пікір білдірді. «Шынымды айтсам, жаным ауырып жатыр. Қобилджонның отбасына, әсіресе анасына көңіл айтқым келеді. Ана атанғаннан кейін мұндай оқиғаларды бұрынғыдан да терең сезінемін. Жаны жәннатта болсын. Алла тағала оны өз мейіріміне алсын, ал анасына сабыр мен күш берсін.
Тағы бір маңызды нәрсені айтқым келеді. Ауыр қайғы жеккөрушілікке ұласпауы тиіс. Егер сіз мұңды сезініп отырсаңыз, демек сіздің құндылықтарыңызда өшпенділікке де, ұлты үшін адам өлтіруге де орын жоқ», — деді ол.
Сондай-ақ блогер Катя Гордон «Право Гордон» YouTube-арнасында ұлтшылдықты қатаң сынға алып, ата-аналарды өз мінез-құлқына мұқият болуға шақырды. «Үйде айтылған сөзді балалар естиді, кейін сол жек көрушілікті сыртқа шығарады. Бұл бір адамның екіншісіне деген өшпенділігінің тұйық шеңбері, жалғасып кете береді», — деді ол.

