STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда миграциялық процестерді тиімді басқаруға бағытталған жаңа цифрлық жүйе енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген 2030 жылға дейінгі миграциялық саясат тұжырымдамасында айтылған. Құжат қазіргі таңда Үкіметтің қарауында.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – басқарылатын әрі қауіпсіз миграциялық жүйе қалыптастыру. Осы бағытта migration.enbek.kz атты бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Аталған жүйеде мемлекеттік органдардың мигранттардың елге келуі, Қазақстан аумағында болуы және еңбек қызметі жөніндегі деректері біріктіріледі.
Жаңа платформа миграциялық ағындарды талдауға және болжауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжатта:
- еңбек миграциясын реттеу,
- ішкі көшіп-қонушылар мен қандастарды қолдау,
- шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау шаралары қамтылған.
Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, тұжырымдаманы іске асыру қосымша бюджет қаражатын талап етпейді.
Жаңа жүйе көші-қон саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған.

