STEPPENEWS.KZ: Шымкент қаласында антисанитариялық жағдайда «MacCoffee» 3/1 өнімін заңсыз дайындаған цех әшкереленді. Әділет органдары мен полиция департаментінің бірлескен жедел тексерісі нәтижесінде цех жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі хабарлады.
Тексеру барысында «С» есімді азаматтың кәдімгі гаражда тез еритін кофені дайындағаны анықталды. Күмәнді сападағы шикізат дайын қаптармен сатып алынған. Цехта дайын өнімді термотігіс арқылы ыдысқа құю, орау және өзге біреудің тауар белгісін жапсыру жұмыстары жүргізілген. Контрафактілік өнім қаладағы шағын дүкендер мен сауда нүктелері арқылы сатылған.
Тексеру нәтижесінде құқық бұзушыдан «MacCoffee» 3/1 тауар белгісі бар 4000-нан астам орама, сондай-ақ өндіріс жабдықтары (термотігіс, таразы, қаптама) тәркіленді.

Құқық иеленушінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, тәркіленген өнім сапа стандарттарына сәйкес келмей, тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осы іске байланысты «С» азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы («Өзге біреудің тауар белгісін заңсыз пайдалану») бойынша әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалды. Тексеру материалдары одан әрі қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

