STEPPENEWS.KZ: Руслан Тусупбек (Ruslan Tussupbek) Telegram желісіндегі арнасында 15 жастағы оқушы Тимофейдің 10 жастағы тәжік баласы Қобилжон Алиевке жасаған шабуылы түсірілген видеоны жариялады.
Бейнежазбада қолына пышақ ұстаған 15 жастағы оқушының мектеп ішінде еркін жүргені көрінеді. Оны мектеп күзетшісі тоқтатуға тырысып, пышақты беруді талап еткен. Алайда жасөспірім күзетшіні пышақтап, бетіне бұрышты газ баллонын шашқан.
Видеода айтылған алдын ала болжам бойынша, шабуыл жасаған оқушы математика пәнінің мұғалімін өлтіруді жоспарлаған. Алайда оны таба алмаған.
Шабуыл жасаған жасөспірім осы мектептің 9-сынып оқушысы.
Telegram-арнаның мәліметінше, күдікті қаза тапқан баланың жанында селфи де түсірген.
Қобилжон Алиевті соңғы сапарға шығарып салу
Ресейдегі мектепте қаза тапқан 10 жастағы тәжік баласы Қобилжон Алиев бүгін туған жері — Тәжікстанның Шахринав ауданындағы Акрам Хасанов жамоатына қарасты Аджам ауылында жерленді, деп хабарлайды Asia-Plus басылымы.
Марқұмға арналған жаназа намазы Тәжікстанның бас мүфтиі Саидмукаррам Абдулкодирзода қатысуымен оқылды.
Баланың денесі 18 желтоқсан күні таңертең Тәжікстанға жеткізіліп, күшейтілген қауіпсіздік шараларымен туған ауылы Аджамға апарылған.
Аджам ауылында құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлері жиналды. Олар журналистерге ашық түрде фото және бейнетүсірілім жасауға рұқсат бермеген.
Қобилжонды соңғы сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Қаралы жиынға тек туған-туыстары мен көршілері ғана емес, ел астанасы мен республиканың өзге өңірлерінен де адамдар келген.
Марқұмның туыстары БАҚ өкілдерімен тілдесуден бас тартты. Тек анасы — Нилуфар Алиева көз жасына ерік беріп, қаза тапқан ұлы туралы бірнеше ауыз сөз айтты:
«Мен оны Душанбе қаласына жібермек болған едім. Ол сыныптастарымен қоштасқысы келетінін айтты… Бұл — тағдырдың жазғаны. Қылмыскер өз жазасын алады».
Нилуфар Алиева Мәскеу облысындағы Одинцово қаласына қарасты Горки-2 елді мекеніндегі Успен мектебінде тазалықшы болып жұмыс істеген. Дәл осы мектепте оның ұлдары — Қобилжон мен оның кіші бауыры оқыған.
Қобилжон Алиев 16 желтоқсан күні таңертең 15 жастағы ресейлік жасөспірімнің шабуылынан қаза тапты. Алдымен күдікті мектеп күзетшісіне пышақпен шабуыл жасап, кейін Қобилжонға тиіскен. Бала алған ауыр жарақатынан көз жұмған. Кейін сыныптардың бірінде тығылған шабуылдаушыны құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады.
Осы резонанс тудырған іс бойынша барлық егжей-тегжейлі ақпаратты сайттағы материалымыздан оқи аласыздар:
«Мәскеу маңындағы мектептегі кісі өлтіру: 10 жастағы Қобилжон Алиевтің қазасы туралы не белгілі».

