Бүгінгі цифрлық дәуірде интернет -адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.Әсіресе жастар үшін интернет – білім алу, ақпарат табу, қарым-қатынас жасау және көңіл көтерудің негізгі құралы. Алайда интернеттің пайдасымен бірге зияны да бар.
Соңғы жылдары Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде «интернетке тәуелділік» деген түсінік үлкен әлеуметтік проблема ретінде қарастырылуда. Бұл құбылыс әсіресе жасөспірімдер арасында кең таралып отыр. Әлеуметтік желілер мен ойындардың шектен тыс қолданылуы жастардың психологиялық жағдайына, оқу үлгеріміне, денсаулығына және тұлғалық дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан жастар арасындағы интернетке тәуелділік мәселесін талдау қоғам үшін өте маңызды

Интернетке тәуелділіктің пайда болу себептері
Жастардың интернетке шектен тыс әуестенуінің бірнеше негізгі себебі бар.
Біріншіден, әлеуметтік желілердің тартымдылығы. TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалар қысқа, қызықты, тез тұтынуға арналған контент ұсынады. Алгоритмдер адамның назарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұру үшін арнайы жасалған, сондықтан жасөспірімдер уақыттың қалай өткені байқамайды.
Екіншіден, виртуалды ойындардың әсері. Онлайн ойындарда жеңіс, рейтинг, марапат жүйесі бар болғандықтан, жасөспірімдер өзін маңызды сезінеді. Бұл дофамин бөлінуін күшейтеді және ойынға қайта-қайта оралғысы келіп тұрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, соңғы он жылда 6-15 жас аралығындағы балалардың интернетті пайдалану үлесі 49,7%-ға өсті (2013 жылы – 42,5%, 2022 жылы – 92,2%). 2022 жылы 6-15 жас аралығындағы балалардың 86,8%-ы интернетті күніне кемінде бір рет пайдаланады.

Үшіншіден, қоршаған ортаның ықпалы. Көптеген сыныптастар, достар интернетте көп отыратындықтан, жас адам өзін шет қалдырмау үшін онлайн ортаға белсенді қосылады.

Төртіншіден, реалды өмірдегі қиындықтардан қашу. Кейбір жастар интернетті жалғыздықты, стресс пен уайымды басу құралы ретінде қолданады.
Интернетке тәуелділіктің белгілері
Интернетке тәуелділік психологиялық тұрғыдан да, мінез-құлық жағынан да көрінеді. Оның негізгі белгілері мыналар:
- Интернетсіз өмір сүре алмау сезімі;
- Уақытты бақылаудан айырылу;
- Үй тапсырмасын, жұмысты, жеке істерді кейінге қалдыру;
- Әлеуметтік оқшаулану — достармен, отбасымен қарым-қатынастың әлсіреуі;
- Түнде ұзақ отыру салдарынан ұйқының бұзылуы;
- Өзіне деген сенімсіздік, көңіл күйінің өзгеруі.
Бұл белгілер ұзақ уақыт байқалса, тәуелділік қалыптасқанын білдіреді.
Жастардың интернетке шамадан тыс әуестенуі олардың өмірінің бірнеше саласына теріс әсер етеді.
Психологиялық әсері:
Ұзақ интернет қолдану нәтижесінде адам мазасыздық, депрессия, эмоционалды шаршау сияқты мәселелерге тап болады. Әлеуметтік желілердегі жасанды, идеалдандырылған өмірді көріп, өзін басқалармен салыстыру жиілейді.
Әлеуметтік әсері:Интернетке тәуелді жастар нақты өмірдегі қарым-қатынас дағдыларын жоғалта бастайды. Бұл өз кезегінде оқшаулануға, жалғыздық сезіміне, достық байланыстардың әлсіреуіне алып келеді
Білімге әсері:Көп уақытын гаджетпен өткізетін жасөспірімдердің оқу үлгерімі төмендейді. Нәтижесінде ойлау қабілеті, зейін қою, есте сақтау әлсірейді.
Денсаулыққа әсері:Ұзақ уақыт телефонға үңіліп отыру омыртқаға, көзге, жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Ұйқы режимінің бұзылуы – ең жиі кездесетін мәселе.
Мәселені шешу жолдары
Интернетке тәуелділікпен күресу үшін бірнеше деңгейде жұмыс жүргізілуі қажет.
Отбасылық деңгей: Ата-аналар баланың интернет қолдану уақытын бақылап, гаджетсіз уақыт дәстүрін қалыптастыруы керек. Бірге серуендеу, спорт, кітап оқу сияқты баламалы әрекеттерді көбейту маңызды.
Мектеп деңгейі: Мұғалімдер мен психологтар жастарға онлайн қауіпсіздік және дұрыс интернет қолдану мәдениетін үйретуі тиіс. Арнайы тренингтер, семинарлар пайдалы.
Жеке деңгей:
Жастар өздері қолданатын уақытты реттеуді үйренуі керек:
— экран уақытын шектеу;
— әлеуметтік желіден үзіліс жасау;
— нақты күн тәртібін жасау;
— офлайн хоббилерге көбірек уақыт бөлу.
Жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталықтар, спорт секциялары, шығармашылық студияларының қолжетімділігін арттыру – тәуелділіктің алдын алудың маңызды шарасы.
Қорыта айтқанда, жастар арасындағы интернетке тәуелділік – қазіргі заманның өзекті әлеуметтік проблемаларының бірі. Бұл мәселе тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның дамуына әсер етеді. Интернеттің пайдасы зор болғанымен, оны шектен тыс пайдалану психикалық, әлеуметтік және физикалық денсаулыққа зиян тигізеді. Сондықтан әр адам цифрлық мәдениетті қалыптастырып, өз уақытын дұрыс жоспарлауға үйренуі тиіс. Жастарды қолдау, оларды пайдалы ортаға бағыттау – ата-ана, мектеп және қоғамның бірлескен міндеті. Тек сонда ғана біз интернетті тиімді әрі қауіпсіз қолданатын саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Автор; Керез Інжу
