Жаңа оқу жылының басынан бері 130 мыңнан астам оқушы жаңартылған, жайлы және қауіпсіз мектептерде білім алып жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 1300-ге жуық мектепте реновация бағдарламасы жүзеге асып жатыр.
«Биыл еліміз бойынша 245 мектепте кешенді реновация жүргізілуде, оның 134-інде жұмыстар толық аяқталған. Жаңа оқу жылының басынан бері 130 мыңнан астам қазақстандық оқушы жаңартылған, жайлы және қауіпсіз мектептерде білім алып жүр», — делінген хабарламада.
Реновация бағдарламасы аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау, сондай-ақ мектеп аумақтарын жаңа стандарттарға сай абаттандыру қарастырылған.
Жоба үш жылға жоспарланған: 2025 жылы 245 мектеп, 2026 жылы 434 мектеп, 2027 жылы 552 мектеп жаңартылады.
2028–2029 жылдары Жамбыл облысындағы тағы 67 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізілмек.

