Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясындағы басты шаралардың бірі – әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өткен шоу-матчты тамашалады.
Ақорда хабарлағандай, президент Олимпиада чемпионы Сюй Синь (Қытай), әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері Вернер Шлагер (Аустрия), сондай-ақ әлем чемпиондары Фан Бо (Қытай) және Чу Се Хёк (Оңтүстік Корея) сияқты үстел теннисінің әйгілі спортшыларымен әңгімелесті.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл турнирге әлемнің 14 елінен 300-ден астам спортшы қатысты. Олардың қатарында ITTF әлемдік рейтингінің үздік 100 ойыншысының біразы және Қазақстанның танымал теннисшілері бар.
Президент Кубогы еліміздегі үстел теннисін дамытуға, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған маңызды спорттық шаралардың бірі.

