Өскемен қаласының түрмесіне сегіз телефон мен олардың қуаттағышын заңсыз кіргізбек болған ер адам анықталды.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, жүргізуші түрме аумағындағы тігін цехына тігін машинасын жеткізіп берген. Аумаққа келіп тоқтаған ол күдік тудырмайтындай сабырлы болған.
«Түрме қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жүкті тексере бастаған. Жүргізуші сонда да сыр бермей, қораптарды ашып, көрсеткен. Алғашында күдік тудыратын ештеме байқалмаса да түрме қызметкерлері тігін машинасының қорабын ғана емес, өзін де қоса тексеруді жөн көрген», — деп хабарлайды полиция.
Осылайша, тігін машинасының моторын ашқан мамандар ішінен сегіз телефон, бірнеше қуаттағыш пен Sim-карталар тапқан. Полиция жүргізушіге қатысты хаттама толтырды. Оған қандай жаза қолданылатынын сот шешеді.
