Парламент Сенаты жасанды интеллект туралы заң мен оған ілеспе заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, құжаттарды Мәжіліске қайтарды.
Сенат депутаты Бибігүл Аққожинаның айтуынша, заң цифрландыру процестерін реттеу, жасанды интеллектті қауіпсіз енгізу және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін заманауи құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгінгі таңда жасанды интеллект, үлкен деректер, блокчейн сияқты заманауи технологиялар институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ашықтық, инклюзия және тұрақты экономикалық өсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді ол.
Алайда сенаторлар Мәжіліс қабылдаған заңның кейбір баптарын мақұлдаған жоқ.
«Мәселен, түзетулердің бірі ерікті сақтандыру түрін ғана қолдануды алып тастауды көздейді. Енді ерікті сақтандырумен қатар, жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілікті және оларды пайдалану кезінде туындайтын тәуекелдерді міндетті сақтандыру түрі де қолданылатын болады. Бұдан бөлек, Мәжіліс қабылдаған заңда тәуекелдер анықталған жағдайда залалды барынша азайту шаралары ғана қарастырылған. Ал біздің енгізген түзетуімізге сәйкес, жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен иеленушілері ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында залалды болдырмауға бағытталған жедел шаралар қабылдауы тиіс», — деді депутат.
Сенат осы баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, заңдарды Мәжіліске қайтарды.