2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыс берушілер 5,3 миллион жұмыскердің пайдасына жалпы сомасы 596 миллиард теңге көлемінде міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) аударған.
Бұл жүйе 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Енгізілген тәртіпке сай, жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін зейнетақы қорына өз қаражаты есебінен жарна төлейді. 2024 жылы жарна мөлшерлемесі 1,5% болса, 2025 жылы ол 2,5%-ға дейін өсті. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда.
ЖМЗЖ енгізу қазақстандықтардың зейнетақысын арттыруға бағытталған. Бұл жүйе арқылы жұмысшылар қартайған шағында қосымша жинақтаушы төлем алуға мүмкіндік алады. Енді зейнетақы үш бөліктен тұрады:
- Мемлекеттік базалық зейнетақы,
- Қызметкердің өз аударымдары есебінен қалыптасатын жинақтаушы бөлік,
- Жұмыс берушілер төлейтін шартты-жинақтаушы бөлік.
Айта кету керек, жұмыс берушілердің бұл жарнаны төлеу міндеті 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған азаматтарға ғана қатысты.
Сондай-ақ, ҚР Салық кодексіне сәйкес, жұмыс берушілердің зейнетақы жарналарын төлеу шығыстары салық салынатын табыстан шегеріледі, бұл өз кезегінде бизнеске түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетеді.